03.02.2026
«Даналық» мектебінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында спорт апталығы жалғасуда. Осы апталықтың шеңберінде Қосшы қаласы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде 7-сынып оқушылары арасында «Ақ пен қара: Зейін мен зерде жарысы» атты мектепішілік дойбы турнирі өтті.
Дойбы — тек ойын емес, ол адамды жүйелі ойлауға, алдағы қадамды болжай білуге және сабырлылыққа тәрбиелейтін интеллектуалды спорт. Жарыстың ашылу салтанатында мектеп әкімшілігі атап өткендей, «Адал азамат» тұлғасына тән басты қасиеттердің бірі — терең білім мен ұшқыр ой. 7-сынып оқушылары дойбы тақтасында тек жеңіске ұмтылып қана қоймай, өзара сыйластық пен адал ойынның (Fair Play) үлгісін көрсетті.
Жарысқа 8 сыныптан үздіктің үздіктері болып 16 оқушы қатысты.
16 үміткердің ішінен суырылып шыққан жүйріктер дойбы тасындағы «даналық» әдістерін қолдана отырып, тартысты ойын көрсетті. Әсіресе, финалдық кезеңдегі ойыншылардың шешімдері жанкүйерлер мен төрешілерді таңдай қақтырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
І орын: Әбдібек Мансұр 7 «Г» сыныбы — ойын барысында ерекше тапқырлық көрсетіп, барлық қарсыластарын тактикалық шеберлікпен жеңді.
ІІ орын: Исрайлов Алимдар 7 «Ә сыныбы — жүйелі ойынымен және төзімділігімен көзге түсті.
ІІІ орын: Исабеков Нұрсұлтан 7 «В» сыныбы — жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Барлық қатысқан оқушыларға алғыс хаттар табыс етілді.
«Даналық» мектебінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес, сонымен қатар «Жасампаздық және жаңашылдық» айына сай жаңа идеялар мен стратегиялық ойлауды дамытуға бағытталды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды. Бірақ ең басты марапат — оқушылардың алған тәжірибесі мен зияткерлік рухы. Болашақ «Адал азаматтардың» ойы ұшқыр, зердесі зерек болғай!